Құрметті достар, 2025 жылдың 27−28 маусым күндері аты аңызға айналған Spa-Francorchamps автодромында, әйгілі 24 сағаттық төзімділік жарысымен танымал трассада Lamborghini Super Trofeo Europe чемпионатының үшінші кезеңі өз мәресіне жетті.
Бұл жарыста еліміздің атынан ArtLine Kazakhstan командасының спортшылары — Шота Абхазава мен Егор Оруджев Pro-Am санатында № 12 көлікпен кезекті мәрте өнер көрсетті.
Бірінші жаттығуда Шота Абхазава Pro-Am класында үшінші нәтиже көрсетті. Ал екінші жаттығуда Егор Оруджев көлік тізгінін алып, жоғары қарқынды сақтап, екінші уақытпен жарысты аяқтады.
Жарыстын келесі күнінде спортшыларымыз екі квалификациялық және бірінші жарыста бақ сынады.
Шота Абхазава № 12 көлігімен Pro Am санатында үшінші нәтижеге жетіп, үздік үштіктер қатарынан көрінді. Ал Егор Оруджев екінші квалификацияда абсолюттік есепте үздік уақытты тіркеп, квалификация жеңімпазы атанды!
Ол алғашқы айналымдарда барлық қарсыластарын басып озып, пелетонның көшін бастады. Жеті айналымнан астам жарыстың қарқынын белгілеп, қарсыластарынан айқын басымдықпен алға шықты.
Алайда жарыстың нағыз кульминациясы — Шота Мерабович Абхазавада. Апаттар тізбегі мен қауіпсіздік көлігінің трассаға шығуына байланысты ол өте күрделі жағдайда эстафетаны қабылдады. Соқтығыс, көліктің айналуы бәріне қарамастан, Шота Абхазава мәреге санаулы минуттар қалғанда Pro-Am класында күміс жүлдені ерлікпен қайтарып алды!
Осылайша екі күнге созылған жарыс өз мәресіне жетіп, ArtLine Kazakhstan командасы 2025 жылғы маусымның тағы бір күміс кубогын өз қоржынына иеленді.






